Бүгін: 21.11.2024
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

Педагогтік қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 наурызда № 20147 болып тіркелді

       "Педагог мәртебесі туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қоса беріліп отырған Педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізу қағидалары бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

       4) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларында көзделеген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі М.М. Дәуленовке жүктелсін.
  2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі

А. Аймагамбетов

 

 

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 17 наурыздағы
№ 110 бұйрығына
қосымша

       

 Педагогтік қайта даярлау қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Педагогтік қайта даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Педагог мәртебесі туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін педагогикалық білімі жоқ тұлғаларды педагогикалық қайта даярлау (бұдан әрі –курстар) тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      тыңдаушы – педагогтік білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖОО) базасында педагогтік қайта даярлаудан өтеді.

 2-тарау. Педагогтік қайта даярлау тәртібі

  1. Педагогикалық білімі жоқ, тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін адамдар үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 қазанда № 17565 болып тіркелген) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының жіктеуішіне сәйкес "Педагогикалық ғылымдар" даярлау бағыты бойынша білім беру қызметін жүргізуге "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес лицензиясы бар ЖОО-ның базасында қайта даярлау курстары өткізіледі
  2. Педагогикалық кадрларды қайта даярлау курстары күндізгі оқу нысаны бойынша жүргізіледі.
  3. ЖОО-да басшының шешімімен қабылдау комиссиясы құрылады. Қабылдау комиссиясының құрамына ЖОО-ның ректоры, проректорлары, құрылымдық бөлімдерінің басшылары мен профессор-оқытушылар құрамының өкілдері кіреді. Қабылдау комиссиясының сандық құрамы тақ саннан тұрады. Қабылдау комиссиясының төрағасы ЖОО-ның басшысы болып табылады. Хатшы қабылдау комиссиясының құрамына кірмейді. ЖОО басшысының бұйрығымен қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы тағайындалады.
  4. Курсқа түсуші адамдар ЖОО-ның қабылдау комиссиясына мынадай құжаттарды тапсырады:

      1) еркін нысанда ЖОО басшысының атына өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      3) білімі туралы құжаттың көшірмесі;

      4) 3x4 сантиметр көлеміндегі алты фотосурет;

       5) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда № 6697 болып тіркелген) бекітілген 086-У нысанындағы медициналық анықтама;

      6) мына құжаттардың біреуін:

       Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 292 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 мамырда № 18764 болып тіркелген) бекітілген педагогтің кәсіби стандартының (бұдан әрі – педагогтың кәсіби стандарты) 5-ші деңгейіне сәйкес оқу нәтижелері көрсетілген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі туралы құжат;

      педагогтің кәсіби стандартының 6-деңгейіне сәйкес оқу нәтижелерін көрсетілген жоғары білім туралы құжат;

      педагогтің кәсіби стандартының 7-ші деңгейіне сәйкес оқу нәтижелерін көрсетілген жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжат.

      Сонымен қатар, осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстырып тексеру үшін олардың түпнұсқалары ұсынылады. Салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда ЖОО-ның қабылдау комиссиясының хатшысы құжаттарды қайтарады.

  1. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесі толық ұсынылған жағдайда қабылдау комиссиясының шешімімен және ЖОО басшысының немесе міндетін атқарушы адамның бұйрығымен педагогикалық қайта даярлау курсына қабылдау жүзеге асырылады.
  2. Қайта даярлау курсына қабылданғаннан кейін, ЖОО мен тыңдаушы арасында шарт жасалады.
  3. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес нарықтың қажеттілігін, жұмыс берушілердің үміттерін және тыңдаушылардың жеке қызығушылықтарын ескере отырып, Педагогтің кәсіби стандартына сәйкес педагогтік қайта даярлаудың білім беру бағдарламасын ЖОО дербес айқындайды.
  4. Педагогикалық қайта даярлаудың білім беру бағдарламасын меңгеру жоғары оқу орны айқындайтын нысанда тыңдаушыларды қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
  5. Осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес педагогикалық қайта даярлау бағдарламасынан сәтті өткен тыңдаушыларға ЖОО сертификаты беріледі.

 

Педагогтік қайта даярлау
қағидаларына
қосымша

 

Нысан

 Сертификат

       _________________________________________________________________

       берілді.                   (Т.А.Ә.) (болған жағдайда)

       Ол 20__ жылғы "___" _______ мен 20__ жылғы "___" _______ аралығында

       ________________________________________________________________

       (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының атауы)

       _______________ кредит көлемінде педагогтік қайта даярлау курсынан өтті.

       _________________________________________________________________

       (басшының қолы, Т.А.Ә. болған жағдайда)

       Мөрдің орны

      Берілген күні 20__ жыл "___" _______

      Тіркеу нөмірі: 20__ жыл "___" _______ № ___



© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК