«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген ұстаным ұлтым деген ұлдарымыздың, елім деген қыздарымыздың алдына қойған мақсаты болуы керек. Жемқорлық, пара, сатып алу, әділетсіздік. Бұл нәрселердің қоғамымызға, ортамызға, ел болуымызға кедергі келтірері айдан анық.
Шындығында, байлық, ақша, мансап үшін абыройдан аттап, алақол атану - арымызға сын. Мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап етіп, мемлекет қалтасына қауіп төндіріп жүргендер қаншама. Әсіресе, мемлекеттік қызметтің, онда тер төгіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметшінің парақорлықтан, жемқорлықтан жоғары тұруы тиіс. Өйткені, бір мемлекеттік қызметкердің жемқорлық қылмысы биліктің бүкіл болмысына көлеңке түсіріп, жағымсыз пікір қалыптастыруға септігін тигізеді. Бір ғана қызметкердің оғаш әрекеті бүкіл құрылымның тірнектеп жинаған абыройын бір-ақ сәтте құлдыратуға пәрменді. Осыны көріп, біле тұра сыбайлас жемқорлықпен сотты болып жатқандардың кемімей отырғаны да өкінішті.
Сыбайлас жемқорлық қоғам үшін қауіпті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың: «Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйесі, бірде-бір тәртібі қорғалған емес» деуі бекер емес. Жемқорлықтың залалын түсініп, зиянын бағамдағандықтан болар, бізде бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында бірінші болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданған болатын. 1998 жылы 2 шілдеде қолданысқа енген бұл заң күні кешеге дейін қоғамды жегі құрттан аман сақтаудың амалдарын жасап келеді. Бірақ, кеселмен күрес тек заңды қабылдаумен шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетті. Бұл - мән бермеушілік пе, әлде құлқынымыздың тоймай бара жатқаны ма?!
Әлемде жемқорлық жайламаған мемлекет жоқ екен. Иә, әлемнің әрбір бұрышында, әрбір мекемесінде, әрбір орынында белең алып отырған бұл кеселден арылудың жолы барлығында алаңдатып отыр. Дегенмен, қоғамды адам құрайтын болса, қоғамның бір бөлшегі ретінде қолымыздан келгенді аянып қалмауымыз керек. Әрбір адам барлығын өзінен бастай отыра, көлге құйылған тамшыдай болса да пайда әкелері шүбәсіз.
Оқушы болғаныммен менің ортамда орын алып отырған осындай оқиғалар ойландырмай қоймады. Тіпті, бағаны да сатып алып, мектепке де түсу үшін, олимпиада, сайыстардың жеңімпазы болу сияқты қарапайым нәрселердің өзінде-ақ ақша жүргендігінде көргенмін. Иә, әбден қарным ашады. Талай рет әділетсіздіктің қақпанына түсіп, талай сайысқа күліп барып, жылап қайтқан кездерім көп болды. Әрине, «аузы қисық болса да, ақшасы барлар сөйлесін» дегенге салынып кеткендей болып жүрміз. Біреудің тапқан мүлкін малданып, көзі ақшаға тоймай жүргендердің күндердің күні опық жері анық.
Жоғары да айтып өткендей мейлі сатып алса, алсын, мейлі алдыда жүрсін, ақшасына сеніп оқуына да түссін. Бірақ, ол адамнан болашақта не маман, не адам, не халыққа пайдасы тиер жан болары белгісіз. Ол адам - мұғалім болып балаға не тәлім береді, ол адам - дәрігер болып алдына келген науқасты қалай емдемек, өлтіріп қоя бергені ме? Көлік жүргізу куәлігін сатып алып, адамдарды басып кете бермек пе?!
Қазақ тарихының таңбасы болып біткен, Абылай хан бірде билеріне:
Ұлт құты кім? Ру құты кім? Аймақ құты кім? – деп сұрақ қойыпты. Көпшілік жауап бере алмай, іркіліп қалғанда, Қараменде би:
Ұлт құты – хан, өзіңіз, ру құты – әділетті би, аймақ құты – қадірлі ақсақал- дағы,- деп жауап берген екен.
Сонда бізге руымызды абыройлы ұстап, аймақты әділеттікке тартатын биіміз бен, ақсақалымыздың жетіспей тұрғандығы ма?!
Ал, Басшымыз - Н.Назарбаев сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында арнайы бағдарламалар қабылдады. Мысалы, 2005 жылғы 23 желтоқсандағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» сондай құжаттың бірі. Аталмыш бағдарламада «Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономикаға көшу, инвестицияларды тарту процестерін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс ықпалын тигізеді» деп атап көрсеткен екен.
Көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, Қазақстанда жемқорлық жүйелі сипат алған екен, яғни биліктің барлық сатыларына еніп, оны жою қиынға түсіп отыр. Соған қарамастан, еліміздің жарқын болашағы үшін онымен күрес жүргізіп келеміз. Билік пен қоғам күш біріктіретін болса жемқорлықпен күресіміз нәтижелі боларына сенімдімін. Сондықтан, еліміздің ертеңіне сеніммен қарау үшін, бүгінімізден бастап күресейік!
Шығарма жазған : 10 «А» класс оқушысы Бүркітбаева Ақбота