Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы
Класс жетекшілер жиналысы
Жасөспірімдер арасында келеңсіз оқиғалардың және зорлық-зомбылықтың алдын-алу
Зорлық-зомбылық «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» .
Зорлық -зомбылықтың түрлері:
Психологиялық (эмоциялық) кемсітушілік
Физикалық зорлық-зомбылық
Бопсалау
Кибербуллинг
Кемсітушілік
Мектептегі және отбасындағы зорлық-зомбылық түрлері:
- Психологиялық зорлық-зомбылық– балаға назар аудармау, кері итеру, бақылау, баланы қорқытуға, үрей сезімін тудыруға, баланың мінезіне ықпал етуге,оның өзін-өзі құрметтеу, өз бағасын білу сезімін жоюға, әлеуметтік және эмоционалдық дамуы мен жақсы өмір сүруіне кедергі келтіруге бағытталған қасақана жасалатын вербалды және іс-әрекеттік қимылдар схемасын қамтиды.Психологиялық кемсітушілік әрекетке баланың өзін керексіз, кемістігі бар, сүйкімсіз және қалаусыз болып табылатынына сендіру үшін жасалатын мазақтау, балағаттау, кемсіту, ұялту және дөрекі сөздер айту сияқты вербалды әрекеттер кіреді.
- Физикалық зорлық-зомбылық– балаға қатысты өзге баланың не ересектің тарапынан физикалық зардапқа не жарақатқа әкелетін, баланың денсаулығына, оның өмірінің ұзақтығына, дамуына, өзін-өзі бағалау сезіміне нұқсан келтіруі мүмкін физикалық күш көрсету арқылы жасалатын әрекеттер. Физикалық зорлық-зомбылық ретінде бағаланатын іс-әрекеттің түрлері көп: соққы, ұру, итеру, тебу, тұншықтыру, шаштан тарту, сілкілеу, қандай да бір затпен не қарумен шабуыл жасау. Жыныстық сипаттағы сөздерді айту не қысым көрсету – қандай да бір баланың не ересектің балаға қатысты жыныстық алдап-арбауы, нәпсіқұмарлық сипатта ауызша не физикалық қысым көрсетуі.
- Бопсалау– балаға зорлық не тән жарақатын салу қаупін қосқанда, қысым жасау не мәжбүрлеу арқылы заңсыз ақша мен мүлік талап ету және алу түрінде көрінетін қылмыс.
- Кибербуллинг– баланың қыр соңына түсу, қорқыту, ұялту мақсатында Интернетті не басқа технологияларды пайдалану. Дөрекі, қатыгез сипаттағы мәтіндік хабарламалар жіберу; жәбірленушіні онлайн режімінде мазақ ету не жеке басына тән ақпаратты, фотоны не бейнежазбаны орналастыру; басқа баланың қыр соңына түсу не мазақ ету мақсатында жалған тіркеу жазбасын, веб-парақшаны не онлайн режімінде бейне жасау сияқты әрекет түрлерін қамтиды.
- Кемсітушілік– баланың жынысына, ұлтына, ұлыстық мәртебесіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, дініне не мүгедектігіне негізделген әділетсіз бөліп-жару қарым-қатынасы.
Отбасындағы ата-аналар арасындағы төбелес, ұрыс-керіс, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылықты көріп өскен балалардың эмоциялары да қалыпты болмайды , ол ашу-ызаның ұлғаюына, физикалық агрессияға бейімділіктің артуына әкеледі. Отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайында өмір сүріп жатқан балаларды түсіну, олардың ашу-ыза мен физикалық агрессияға бейімділігімен жұмыс істеу маңызды болып табылады. Балалар құқығын қорғау – егемен еліміздің басты құндылықтарының бірі. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталу жолында аянбай еңбек етуіміз маңызды.
«Балалардың өмір сапасын жақсарту – ертеңгі болашақтың кепілі. Сондықтан да балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қашан да өзекті болып қала бермек»
Зорлық-зомбылыққа тап болған бала кімнен, қалай көмек сұрау жөнінде бірнеше сенім телефоны, сенім жәшіктері туралы ақпаратты білуі керек.