Жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлқын алдын-алу және оларға көмек көрсету.
Балалардың жоғары агрессивтілігі педагогтер мен психологтар үшін ғана емес, сонымен бірге тұтас қоғам үшін де негізгі пробремалардың бірі болып отыр. Агрессивтілік (лат. «шабуылдау, қауіп тудыру») – агрессивті мінез-құлыққа апарар ниет, жағдай. Ал агрессиялық әрекеттің өзі – баланың өзгелерге залал келтіруге бағытталған мінез-құлқы. Агрессивті жағдай ашу, жаулық, жеккөрушілік, т.б. эмоциялар арқылы көрініс табады. Әрекет міндетті түрде өзге адамға залал келтіру: балағаттау, қорлау, төбелесу, ұрып-соғу, т.б. түрінде көрініс береді.
Бұл көптеген жағымсыз факторлар: балалардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы нашарлауынан; отбасылық тәрбие дағдарысынан; смартфондарды шектен тыс қолдануынан ; баланың миына зақым келу түрінде салдары болатын патологиялық босану үлесінің артуынан орын алып отыр.
Агрессиялықтың ішкі себептеріне тоқтала кетсек. Бұл жерде бастысы өте қарапайым ой, егер адамда бәрі жақсы болса, ол агрессивті болмас еді. Яғни, агрессияшылдық – ең алдымен ішкі қолайсыздықтың сыртқы көрінісі. Әдетте агрессивті балаларға жоғары мазасыздық, өзін ешкімге керексіз сезіну, айнадағыларды әділетсіз санау және өзін тең санамау (көбіне кем санау) тән болады. Кішкентай «агрессордың» айғай-шу ашу шығару арқылы қарсылық көрсету реакциясы оның айналасындағылардың назарын өз проблемаларына, оны жалғыз өзі жеңе алмайтынына аудару тәсілі болып саналады. Демек, агрессивті балаға көмектескісі келетін ата-анасы ретінде сізге ең бірінші керегі балаға шынайы іштарту, оны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның ішкі әлеміне қызығушылық таныту, сезімі мен мінез-құлық дәлелдеріне түсіністікпен қарау. Баланың жетістіктеріне және оның қиындықты жеңуіндегі табыстарына көбірек көңілін аударыңыз (сыртқы және ішкі), тағы да сондай болуға үйретіңіз. Қысқасын айтқанда, ұл немесе қыз балаға өзін-өзі сыйлау мен өзін-өзі дұрыс бағалай білуін қалыптастыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасау керек. Ата-ана агрессиялық көңіл күй мен әрекеттердің қайдан шыққанын анықтап, оларды түзетудің дұрыс жолдарын табуы тиіс.
Сіздердің назарларыңызға сынып жетекшісіне және ата-анаға арналған баланың агрессиялық мінез-құлқына диагностика жасау бойынша бірқатар практикалық кеңестерді, сондай-ақ агрессия деңгейін азайту тәсілдерін ұсынып отырмыз.
Ата-ана агрессиялық мінез-құлқы бар балаларға қалай қарауы керек?
- Мінез-құлқын түсіну. «Иә, осылай болады...», «Сенің жасында менде де осындай жағдай болған...».
• Мінез-құлқын ақтау. Балаға жартылай қолдау білдіру: «Сенің орнында басқа біреу болуы да мүмкін еді…», «Мүмкін мен де сөйтер ме едім…».
• Баланың жасағанына өзі ой жіберуі үшін оның заттық және әлеуметтік нәтижесіне талдау жасау: «Сен, сірә,…жасағың келген шығар, ал ол … болып шықты», «Сен оны … болып шығады деп ойламаған да шығарсың…»
• Өзін-өзі анықтауы үшін балама мінез-құлық тәсілін көрсету: «Былай жасағанда … болар еді», «Мұндай жағдайда кейбіреулер … жасайды».
• Бала болған оқиғаның уәждемесі мен себептерін анықтай алуы үшін, оны ойлануға шақыру: «Сен өзің қалай ойлайсың…», «Бұл енді қалай аяқталады деп ойлайсың…», «Сен туралы басқалар не ойлайды…».
• Басқа мәдениет деңгейінде өзін-өзі жүзеге асыра алуына жағдай жасау үшін, сыртқы қорлаудан «қорғаныс»: «Бұл есейе келе қалатын әдет…».
• Тиісті әсер түріне қарама-қарсы күтпеген дербес шешім: «Мен сені … жазалауым керек еді, бірақ мен… жасайын деп тұрмын», «Мен сені түсінеді деп сенемін…»
Агрессия деңгейін қалай азайтуға немесе жоюға болады?
- Спорт секциялары.
• Қызығушылықтары бойынша үйірмелер.
• Балаға деген махаббатты үнемі білдіріп отыру
• Орындалмайтын уәде бермеуге тырысу.
• Релаксация және тыныс алу жаттығуларын орындау.
• Балаға уақытты аямау, үнемі ақыл-кеңес беріп отыру.
• Уақытылы тыңдау, түсіне білу.
• Әр жұмысына көмектесіп, сенім білдіру.
• Үнемі мейірімді болу.
• Терең тыныс алу және тыныс шығару – ашу, уайым, қорқыныш жағдайын реттеуге өте тиімді нәрсе.
• Алдын алуға арналған сұхбаттар. Сұхбаттың мақсаты – қажетсіз оқиғаның орын алуына жол бермеу. Агрессивті мінез-құлықтың салдары қандай болатынын нақты мысал арқылы көрсету. Мысалы, балалар үйінде тәрбиеленуші қыз мектепте бір ұл баланы жекпе-жекке шақырып, ақыры көзінен айырылып тынған.
• Әдептілік тәртібі үлгісіне баулу.
• Жағымсыз энергиядан арылу әдістері мен тәсілдеріне үйрету.Ата-ана бойға жиналған агрессиядан арылу әдістерін көрсетуі тиіс. Мысалы, табиғат аясына шығып, бар дауыспен айғайлауға болады. Жапон компанияларында адамдар жансыз заттарға ұрысу, ұру арқылы ашуын сыртқа шығарып алатын арнайы бөлмелер болады.
• Ата-ана мінез-құлқы. Агрессивті баламен сөйлескен кезде сынып жетекшісі сабырлы, салмақты, жұмсақ, төзімді болып, сыртқы түрімен қамқоршысының жан дүниесін түсінетінін байқатуы тиіс.
• Баланың тек жақсы жақтарын ғана көріп, оған сенім білдіру. Бала егер өзін осы тұрған бойында жақсы көріп, қадірлейтінін білсе, өзін ұстамды, қолға ала білетін жан ретінде көргісі келетінін түсінсе, мінез-құлқын өзгертеді. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер баланың егер педагог және ата-ана оны жақсы адам ретінде бағалайтынын түсінген жағдайда өзгеретінін көрсетеді, мұндай кезде ол дамуының жоғары сатысына ұмтылатын болады.
• Жауапкершілік жүктеу. Өзіне тапсырылған жауапты істі орындай жүре, бала шығармашылықпен айналысады, ал бұл кезде жаман ойлар мен істерден аулақ жүретін болады.
• Ерік-жігерін қалыптастыру. Ақырында, агрессивтіліктің жағымсыз көріністерімен күресте негізгі фактор болып табылатын нәрсе: сынып жетекшісі, ата-ана мен бала арасында үйлесімді қарым-қатынас орнату – баланың салауатты эмоциялық дамуының басты шарты.
Мектеп-гимназия психологы: Г.З.Абишева